ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада сүйіктісімен жанжалдасып қалған жігіт көп қабатты үйдің терезесінен секірмек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға таңертең болған. Қызылорда қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Ғали Ережеева жұмысқа бара жатып төртінші қабаттан ер адамның төменге секіруге әрекет жасағанын аңғарды.
Ғалия Ережеева есігі ашық қалған пәтердің терезеде ілініп тұрған мас жігітті сөзге тартып, өз өмірін сақтап қалуға үгіттеді.
«Біраз уақыттан кейін ол өзінің райынан қайтты. Далаға шығып, мән-жайды баяндап берді. Өзінің қызымен жанжалдасып қалғанын айтты. Ол жігіт Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылының тұрғыны екен», - деді Ғалия Ережеева.
Патрульдік полиция қызметкерлері бұл азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, наркологиялық орталыққа жеткізді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.