Сүйікті ісіммен айналысу үшін ұсталық курстан өттім – петропавлдық шебер

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны Руслан Баязитов қолы бос уақытта ағашпен жұмыс істеп, үйге қажетті бұйымдар, ойыншықтар жасайды.

Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан

Шебердің қолында қарапайым бұтаққа да жан бітіп, өмірге ерекше дүние келеді. Русланның негізгі мамандығы – қаржыгер-экономист. Қазір ол Петропавлдағы көлік компанияларының бірінде аймақтық өкіл болып еңбек етеді. Бос уақыты дерлік шағын шеберханада өтеді. Оның айтуынша, бұл қызығушылық бір сәтте пайда болған жоқ, оның тамыры балалық шақта жатыр.

– Мектепте еңбек – сүйікті пәндерімнің бірі болатын. Ең бірінші жасаған бұйымым – ағаштан жасалған киім ілгіш. Қызығушылық ұшқыны сол кезде тұтанды. Бірақ тұрмыс қамы бұл әуестікті кейінге ысырып тастады. Мектепті бітіріп жоғары оқу орнына түстім, мемлекеттік қызметте болдым, кейін мамандығым бойынша жұмыс істедім. Отбасын құрдым. Сүйікті іспен айналысуға мүлдем уақыт болмады. Тек жасым 30-дан асқаннан кейін ғана қолыма құралдарды алудың сәті түсті. Басында бұл қарапайым қажеттіліктен туындады: саяжайға қора салдым, орындықтар жасау керек болды, - дейді Руслан Баязитов. 

Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан

Кейін арнайы курстан өтіп, ағаш ұсталығының қыр-сырын кәсіби меңгереді. Қазір ағашпен жұмыс істеу қажеттіліктен гөрі шығармашылыққа айналған. 

– Менің атам ағаш ұстасы болған екен. Ол тұрмысқа қажетті заттарды – қол жуғыштар, орындықтар және басқа да бұйымдарды тапсырыспен жасаған. Бұл өнер маған осы атамнан дарыған шығар, - дейді шебер. 

Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан
Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан

Руслан да ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Соның ішінде ойыншықтар – қуыршаққа арналған үй, түрлі пазлдар, жануарлардың мүсіндері де бар. Әрбір жаңа бұйым - жаңа идея, тәжірибе, ізденіс.

– Өздігімнен үйренемін. Интернеттегі бейнесабақтарды, басқа шеберлердің тәжірибесін қолданамын. Қателіктен қорықпау керек. Әр жасаған істен сабақ алып, шеберлікті шыңдай беру керек. Кілтсалғыштар, гүл сөрелері сияқты заттардан бастасам, қазір жиһаз жасауды үйреніп жатырмын. Үйдегі кіреберістегі шкафты өзім істедім, - дейді Руслан Баязитов.

Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан

Руслан үшін ағаш – тірі, табиғи, өзіндік мінезі бар материал. Шебер көбіне қарағайды пайдаланады, себебі ол қолжетімді әрі жұмыс істеуге ыңғайлы. 

– Ағаштан жасалған бұйымдар экологиялық таза, қауіпсіз, ұзаққа шыдайды және ең бастысы – қол еңбегінің энергиясы бар. Сондықтан табиғи материалға деген сұраныс ешқашан жоғалмайды. Дегенмен, бұл іспен табыс табу оңай емес. Өнімнің өзіндік құны жоғары, ал нарықта арзан баламалар көп. Сондықтан жасаған бұйымдарымды сатудан гөрі, жақындарыма сыйлағанды жөн көремін, - дейді шебер. 

Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан
Фото: Руслан Баязитовтің жеке мұрағатынан

Болашақта Руслан шеберхана ашып, ірі жобалармен айналысуды жоспарлап отыр. Мысалы, ағаштан жиһаздар – үстелдер мен шкафтар жасамақ. 

Бұған дейін СҚО-да әлі күнге арқан есіп, қамшы өретін шебер тұратынын жазған едік.