Сүйікті тәттілердегі трансмай мөлшері жаңа стандартпен анықталады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кондитерлік өнімдердегі трансмай мөлшері жаңа стандарт бойынша анықталады, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанда кондитерлік өнімдердің құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың жаңа ұлттық стандарты бекітілді. Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Жаңа стандарт тәтті тағамдардың құрамындағы трансмай мөлшерін дәл анықтауға және олардың қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін трансмай мөлшерін анықтау үшін қолданылған ГОСТ 31754-2012 стандарты негізінен май өнімдері мен тағам өндірісіне арналған шикізатты тексеруге бағытталған болатын. Ал дайын кондитерлік өнімдердің, оның ішінде кәмпит, печенье, торт және басқа да тәттілердің құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың бірыңғай әдісі болмаған.

Енді СТ РК 4052-2026 «Кондитерлік өнімдер. Қанықпаған май қышқылдары трансизомерлерінің массалық үлесін анықтау әдісі» ұлттық стандарты осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Құжат зертханаларда өнім құрамындағы трансмай мөлшерін өлшеудің және алынған нәтижелерді бағалаудың ортақ тәртібін белгілейді.

— Жаңа стандарт кондитерлік өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелден әкелінетін өнімдерді тексеру кезінде маңызды. Бірыңғай әдіс арқылы өнім құрамындағы трансмай мөлшерін нақты анықтап, тұтынушылардың денсаулығын қорғауға ықпал ете аламыз, — деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Жаңа стандарт 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленді. Оны дайындау кезінде кондитерлік өнімдердегі трансмай мөлшерін анықтауға арналған ГОСТ Р 54687-2011 стандартының талаптары ескерілді.

Құжат тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты Кеден одағының ТР ТС 021/2011 және ТР ТС 024/2011 техникалық регламенттерімен байланысты.

Ұлттық стандартты «ҚазСтандарт» әзірлеп, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бекітті.

Бұдан бұрын әрбір жетінші оқушы күн сайын тәтті газдалған сусын ішкенін жазғанбыз.