Сіздер жақсы білетін, белгілі адам – Вице-президент кім болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Келесі аптада немесе 10 күн ішінде елімізде Вице-президент тағайындалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында отандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлім етті.

Фото: Ақорда

– Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, – деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев тілшілер сұрағына.

Айта кетейік, Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды.

Аталған лауазымға келетін азаматтың саяси партияға мүше болуына, депутат атануына, жоғары қызмет атқаруына, тіпті кәсіппен айналысуына жол жоқ. Ал лауазымнан босату туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.

Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етуге, негізгі мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамытуға міндетті.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берді.