Таиланд парламенті 2026 жылы таратылады

Фото: Nation

АСТАНА. KAZINFORM — Сайлау сәуір немесе мамыр айларында өтуі мүмкін, деп хабарлайды ТАСС.

Таиланд парламентінің Өкілдер палатасы (төменгі палата) 2026 жылғы 31 қаңтарда таратылмақ. Бұл туралы корольдік парламентінде жаңа үкімет бағдарламасын таныстыра отырып, саяси мәлімдеме жасаған Тайланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракун хабарлады деп мәлімдеді Thai PBS телеарнасы.

— Біз 1 қазанды (үкімет жұмысының) бірінші күні деп есептейміз, ал төрт айдан кейін, 31 қаңтарда, Өкілдер палатасы таратылады, — деді ол.

Премьердің айтуынша, өзі басқарып отырған үкімет уақытша сипатқа ие және қысқа мерзім ішінде тұрақты дамуға берік іргетас қалау үшін құрылған. Осылайша, кезектен тыс парламент сайлауы 2026 жылдың сәуір немесе мамыр айларында өтуі мүмкін.

Чанвиракун басымдық берілетін негізгі мақсаттар ретінде Камбоджамен шекарадағы қақтығысты бейбіт реттеу, Таиландтың туристік саласын қалпына келтіру және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін негізгі тауарлар мен қызметтердің бағасын төмендетуді атады. Жаңа кабинет сондай-ақ монархияға негізделген демократиялық жүйенің тұтастығын сақтай отырып, конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша референдум өткізу процесін қолдауға міндеттенді.

Таиланд парламенті 5 қыркүйекте «Пхумчайтхаи» («Тайландтың мақтанышы») партиясының жетекшісі, 58 жастағы Анутхин Чанвиракунды жаңа премьер-министр етіп бекітті. Бұған дейін ол коалициялық үкімет құрамында премьер-министрдің орынбасары әрі ішкі істер министрі қызметін атқарған. 2019 жылдан 2023 жылға дейін Чанвиракун денсаулық сақтау министрі болып, елдегі пандемияға қарсы күресті басқарды. Жаңа үкімет алдағы төрт ай жұмыс істеп, содан кейін премьер-министр жалпы сайлау өткізу үшін парламентті таратады. Бұл келісім бұрын оппозициялық Халық партиясымен жасалған. Дәл осы партия Чанвиракунның кандидатурасын парламенттегі дауыс беруде қолдап, алайда жаңа кабинеттегі орындардан бас тартқан.

Жаңа премьер-министрді сайлау қажеттілігі 2025 жылғы 29 тамызда Таиланд Конституциялық сотының шешімінен кейін туындады. Сот бұрынғы премьер-министр (2001–2006 жж.) Таксин Чинаваттың қызы Пхетхонгтхан Чинаватты қызметінен босатты. Ол Камбоджаның бұрынғы премьер-министрі (1998–2023 жж.), қазіргі Сенат төрағасы Хун Сенмен болған телефон әңгімесінің жазбасы сыртқа шығып кеткен іс бойынша «этикалық нормаларды өрескел бұзды» деп танылды. Премьер-министрмен бірге бүкіл министрлер кабинеті де отставкаға кетті. Бұл үкімет 2023 жылғы мамырдағы парламенттік сайлау қорытындысы бойынша құрылған коалицияны ұсынған еді.

Айта кетелік Таиландта жаңа премьер-министр тағайындалғаны туралы жазған едік