НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таиландтың Пхукет қаласында қаласында өтіп жатқан Thailand Open-2022 турнирінде қазақстандық үш боксшы финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнирде 91 келіде қос қазақстандық боксшы қолғап түйістірді. Нәтижесінде Нұрбек Оралбай отандасы Сағындық Тоғамбайдың осал тұсын тауып, финалға жолдама алды.
Ал 57 келіде Серік Теміржанов жартылай финалда таиландтық Руджакран Джунтронгты 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, 75 келіде Аятулла Тәкіжанов жартылай финалда қарасыласына есе жіберіп, жарыстың қола жүлдесін місе тұтты.
Енді кешкі сессияда үш боксшымыз жарыс жолына шығады.
Оның екеуі 63 келі салмақта өзара сынға түседі. Аталған салмақта Санатәли Төлтаев пен Сұлтан Мусинов кездеседі.
Тағы бір қазақстандық Асланбек Шымбергенов (69 келі) таиландтық Атичай Фомсаппен финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске салсақ, бұдан бұрын тоғыз боксшы жартылай финалға жолдама алғанын хабарлаған едік .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.