Таксидегі харассмент: әйелдер неге өзін қауіпсіз сезінбейді

АСТАНА. KAZINFORM – Таксидегі харассмент әйел жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Сарапшылар бақылауды күшейтіп, заңнаманы жетілдіруді ұсынса, әйелдерге арналған такси қызметтері қауіпсіз балама ретінде ұсынылып отыр. Мәселенің мән-жайы Kazinform тілшісінің материалында.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Жүргізушіні кім тексереді?

Елімізде такси қызметі «Автомобиль көлігі туралы» заңмен және жолаушыларды тасымалдау қағидаларымен реттеледі. Тасымалдаушылар жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

Сонымен қатар жүргізушілерді іріктеу мен тексеруде агрегаторлар мен таксопарктердің жауапкершілігі маңызды. Әсіресе қосымша арқылы жұмысқа тіркелген жүргізушінің жеке басы мен жолаушы тасымалдауға жарамдылығы қаншалықты тексерілетініне назар аудару қажет.

Қазақстан такси қызметтері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов саладағы бақылауды күшейту керек деп санайды.

Фото: 24KZ

– Қазір тапсырыстар нарығы агрегаторлардың қолына өтті. Жолаушы жүргізушіге тек баға қоя алады. Ал агрегаторлардың шағымдарға қаншалықты ден қоятыны - басы ашық мәселе, – деді Медет Құрманов.

Оның айтуынша, қауымдастық бұған дейін саланы өзін-өзі реттеу тетігін енгізуді ұсынған. Бұл жүйе агрегаторлар, таксопарктер мен жүргізушілерге ортақ талап қойып, олардың орындалуына жауапкершілік жүктеуді көздейді. Алайда тиісті заң жобасы ілгерілемей қалған.

Бақылаудың жеткіліксіздігі жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтеді. Әсіресе жүргізушімен көлікте жалғыз қалған әйел орынсыз сұрақтар мен сексуалдық сипаттағы әрекеттерге тап болса, өзін қорғауы қиынға соғуы мүмкін.

Шағымдар мен оқиғалар

Өңірлік зерттеу таксидегі харассменттің ауқымын көрсетеді. Орталық Азияда әйелдердің 81 пайызы таксиде түрлі сипаттағы тиісуге тап болған. Ал 10 мыңнан астам қазақстандық әйел қатысқан сауалнамада респонденттердің 68 пайызы сапар кезінде өзін қауіпсіз сезінбейтінін айтқан.

Астанадағы соңғы оқиғалар да мәселенің өзектілігін аңғартады. Жақында елорда тұрғыны әлеуметтік желіде түнгі сапар кезінде такси жүргізушісінің интимдік сипаттағы сұрақтар қойып, жыныстық қатынасқа түсуді ұсынғанын жазды. Қыз бас тартса да, жүргізуші ұсынысын қайталаған. Жолаушы көліктен қауіпсіз түсу үшін сылтау ойлап табуға мәжбүр болған. Жазбадан кейін InDrive сервисі оқиғаны тексеру үшін сапар туралы мәліметтер сұратқан, кейін жүргізушіні бұғаттаған.

Бұл - Астанадағы жалғыз оқиға емес. Бұған дейін де мобильді қосымша арқылы шақырылған көлікте жүргізуші 19 жастағы қыз бен анасының көзінше жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекет жасаған. Жәбірленуші оқиғаны видеоға түсіріп, полицияға жүгінген. Нәтижесінде жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Мұндай жағдайлар заңгерлердің тәжірибесінде кездеседі. Оксфорд университетінің құқық магистрі, БҰҰ-ның заң кеңесшісі Халида Әжіғұлова осыған ұқсас оқиға бойынша сотта жеңіске жеткен. Оның айтуынша, жүргізуші артқы орындықтың бұзылғанын сылтауратып, студент қызды алдыңғы орынға отыруға көндірген. Жол бойы жеке өміріне қатысты сұрақтар қойып, кейін оны құшақтап, қолынан ұстап, сүйе бастаған. Қыз көліктен түсіп, үйіне жаяу жеткен соң заңгерге хабарласқан.

– Сот айыпталушыдан қызды не үшін сүймек болғанын сұрағанда, ол «жай достық ниетпен» деп жауап берді, – деді Халида Әжіғұлова.

Фото: Халида Әжіғұлованың жеке мұрағатынан

Заңгердің пікірінше, кейбір жүргізушілер сексуалдық сипаттағы сөздер мен орынсыз әрекеттерді қалыпты қарым-қатынас ретінде қабылдауы мүмкін. Ал көліктен бірден шығып кете алмау жолаушыны осал жағдайда қалдырады. Құқық бұзушылықты дәлелдеудің қиындығы мен арыздануға деген құлықсыздық та мұндай жағдайлардың назардан тыс қалуына әсер етеді.

Заңнама мен такси платформаларына талап

Елімізде сексуалдық сипаттағы тиісу жеке құқық бұзушылық ретінде нақты бекітілмеген. Мұндай әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық ретінде саралануы мүмкін. Бұл бапта 5 АЕК көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Алайда оның аясына қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу сияқты өзге де әрекеттер кіреді.

Халида Әжіғұлованың пікірінше, мұндай жайтты ұсақ бұзақылық ретінде қарастыру оның жәбірленушіге тигізетін әсерін толық ескермейді. Мұндай әрекеттер адамның қадір-қасиеті мен жеке шекарасына қол сұғады. Ал күш қолдану немесе қорқыту болмаған жағдайда құқық бұзушыны жауапқа тарту қиын.

Осыған байланысты заңгер такси платформаларына жүргізушілерді жұмысқа жіберер алдында тексеру талаптарын күшейтіп, шағымдарға жедел ден қою жүйесін енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, бейнетіркегіштерді пайдалану да оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектеседі.

– Бейнежазба даулы жағдайдың мән-жайын анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар агрегаторлар жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне бірдей жауапкершілікпен қарауы керек, – деді Халида Әжіғұлова.

Ал Қазақстан такси қызметтері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов саладағы бақылауды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, жүргізушілерді іріктеу, шағымдарды қарау тәртібі және мемлекеттік органдардың бақылау функциялары нақты айқындалуы керек.

Әйелдерге арналған такси: қауіпсіз балама бола ма?

Саладағы бақылау мен заңнаманы жетілдіру мәселесі өзекті болып тұрған шақта, әйелдерге арналған такси қызметтері жолаушыларға балама ұсынып отыр. Солардың бірі – Lady Taxi KZ. Сервистің негізін қалаушы Ольга Еловикова бұл идеяны пандемия кезінде такси паркіне жұмысқа орналасқан соң ойластырған.

– «Жолаушыларды өзім таңдай алсам, қандай жақсы болар еді» деп ойлайтынмын. Тек әйелдер мен балаларды тасымалдағым келді. Сол ойымды жүзеге асырдым, – деп еске алады ол.

Фото: Ольга Еловикованың жеке мұрағатынан

Қазір сервис аясында еліміздің әртүрлі қаласында 300-ге жуық әйел жүргізуші жұмыс істейді. Қызметке Астана мен Алматыда сұраныс жоғары. Сондай-ақ Теміртау, Қарағанды, Екібастұз, Балқаш, Шымкент және Павлодар қалаларында да әйел жүргізушілер жолаушы тасымалдайды.

Кәсіпкердің айтуынша, сервисті ер адамдар да пайдаланады. Олар көбіне әйелдері, аналары, әпке-қарындастары мен балаларына такси шақырады. Ал жобаның басты қиындығы – клиент табу емес, жауапкершілігі жоғары жүргізушілерді іріктеу.

Әйелдерге арналған такси жолаушыларға таңдау мүмкіндігін бергенімен, жалпы нарықтағы қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шешпейді. Бұл ретте басқа елдерде қолданылып жүрген тәсілдер мен Қазақстандағы жаңа бастамалардың тәжірибесі назар аударуға тұрарлық.

Қауіпсіздік пен жаңа мүмкіндіктер

Әйел жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе халықаралық платформаларды жаңа шешімдер іздеуге итермелеп отыр. Мәселен, АҚШ-та Uber әйелдерге сапарға әйел жүргізушіні таңдауға мүмкіндік беретін функцияны іске қосты. Күту уақыты тым ұзақ болса, жолаушы стандартты тарифті таңдай алады. Сондай-ақ әйел жүргізушімен сапарды алдын ала тіркеуге болады.

Қазақстанда InDrive әйелдерді такси және жеткізу қызметтеріне тартуға бағытталған «Qyz Joly» әлеуметтік жобасын бастады. Бағдарлама жаңа мамандық меңгеріп, табыс табуға мүмкіндік береді. Жақында Астанада 100 әйел жүргізушілік, курьерлік және көлікпен жеткізу жұмыстарына қажетті тәжірибелік дағдыларды үйренді.

Жүргізуші куәлігі бар қатысушылар кәсіби машығын жетілдірсе, куәлігі жоқ әйелдер оны алғанға дейін жаяу курьер болып жұмыс істей алады. Бұған қоса оларға көлікті күтіп ұстау, өзін-өзі қорғау және қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер өткізіледі.

Фото: inDrive

Компанияның Қазақстандағы маркетингтік коммуникациялар жөніндегі аға менеджері Дана Ғаббастың айтуынша, жоба әйелдердің таңдау құқығын қолдауға бағытталған.

– «Qyz Joly» атауы қазақтың «Қыздың жолы жіңішке» деген белгілі нақылына негізделген. Біз бұл ойға басқаша қарағымыз келді. Әр әйелдің өз жолы бар және оның қандай болатынын тек өзі шешеді. Бұл – жаңа мамандықты сынап көруге және қосымша табыс көзіне ие болуға мүмкіндік беретін жоба. Ол әрі қауіпсіз, – деді ол.

Компания өкілінің сөзінше, бастама алдымен Астанада жүзеге асырылып, нәтижесіне қарай басқа қалаларда жалғасуы мүмкін.

Айта кетейік, бір жылда Қазақстанда таксимен 174 миллионнан астам жолаушы сапарлаған.