Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, жігіт көліктің астында қысылып қалған. Оны құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен әрең шығарып алған.
«Бүгін Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментіне Талдықорған қаласында жол көлік оқиғасы болғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел құтқарушылар тобы жіберілді. Зардап шеккен адам көліктің астында қысылып қалған екен. Оны гидравликалық құралдың көмегімен шығардық», - дейді Жетісу облыстық ТЖД басқарма бастығы Ринат Карандашев.
Зардап шеккен азамат бірден ауруханаға жеткізілді. Әзірге оның қандай жарақат алғаны белгісіз. Ал автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
«Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал ЗИЛ көлігі арнайы тұраққа қойылды. Құрметті аймақ тұрғындары мен қонақтары, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезінде абай болыңыздар», - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған тұрғынынан 20 млн теңгенің есірткісі тәркіленгенін жазғанбыз.