Талдықорған тұрғынынан 20 млн теңгенің есірткісі тәркіленді

меф
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мефедронның ірі партиясын тәркіледі.

Облыстық прокуратурамен бірлесе отырып атқарылған жедел іс-қимылдың нәтижесінде Талдықорған қаласының 34 жастағы тұрғыны тұтқындалды.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша күдіктінің көлігін тексеру барысында ерекше иісі бар ақ заттың қапшығы табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес оның «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені анықталды. Салмағы 1 келі болатын есірткі 2000 дозаға тең, ал нарықтық құны 20 миллион теңгеге бағаланады.

«Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жыл басынан бері Жетісу облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 500 келіге жуық түрлі есірткі заттарын тәркіледі»,- Жетісу облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Халықова.

Полиция қызметкерлері есірткі заттарын өндіру, сақтау, тасымалдау және аса ірі мөлшерде өткізу сияқты заңсыз әрекет жасағандарға мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Еске сала кетейік бұған дейін Талдықорған қаласында 1284 дана вейп сатпақ болған екі жігіттің ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram