ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры аяқталды.
Үшінші турдың орталық кездесуі «Жетісу» мен «Ақтөбе» арасында өтті.
Былтыр талдықорғандықтар ел чемпионатында қола жүлдегер атанса, ақтөбеліктер кубок пен суперкубокты жеңіп алған еді.
Сейсенбі күні «Ақтөбе» 15 матч бойы жеңілмей келе жатқан Оралдың «Жайығын» жеңген болатын. Бұл жолы Марат Адрышевтің шәкірттері ақтөбеліктерге дес бермеді — 3:0 (25:22, 25:17, 25:17). Осылайша, «Жайық» 46 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбе» (38 ұпай) екінші орында қалды. Ал «Жетісу» 37 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
«Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:18, 25:21, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Павлодар» 34 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді.
СҚО-ның «Есілін» 3:0 (25:15, 25:21, 25:23) есебімен қапы қалдырған былтырғы чемпион «Тараз» 23 ұпаймен жетінші сатыдан аса алмады.
Төртінші тур ойындары 16-24 ақпанда Павлодар қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Атыраудың» алматылық «Буревестникті» қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).