Талдықорғандағы өрт: әлеуметтік желіде жарылыс туралы ақпарат тарады

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорғанда жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылысының шатыры өртенді. Әлеуметтік желілерде оқиға кезінде жарылыс болғаны туралы ақпарат тараған.

Видеодан алынған кадр

Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама сағат 21:08-де түскен.

– Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жедел жетіп, өртті сөндіруге кірісті, – деп хабарлады ведомстводан.

Өрт тұрғын үй шатырының 60 шаршы метрін және шаруашылық құрылысының 50 шаршы метрін шарпыған.

Тілсіз жау сағат 21:50-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

– Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам және 5 техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – деп мәлімдеді ТЖД.

Ведомствоның ресми хабарламасында жарылыс емес, өрт болғаны көрсетілген. Ал әлеуметтік желілерде тараған жарылыс туралы ақпараттың мән-жайы мен қаншалықты рас екені әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Семейде автожуудағы өрттен зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде жатыр.