Талдықорғандық полицейлер көпірден секірмек болған жасөспірімді құтқарды

Фото: Видеодан скрин / Коллаж / Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында полицейлер кәмелетке толмаған жігіттің өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын алды. Жасөспірім көпірден секірмек болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 102 арнасына көпірдің шетінде тұрған жас жігіт өзенге секіремін деп қорқытқаны туралы хабарланған. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем бригадасы жөнелтілді.

Жасөспірімнің күйзеліске ұшырағаны анықталды. Полицейлер жас жігітті қателікке бой алдырмауға көндірді. Полиция капитаны Эльдар Елубаев пен Серік Танабаев жасөспірімнің сабырға келуіне көмектесті. Олар жас жігітті тез арада көпірден шығарып, кезекші психологтарға тапсырды. Мамандар оған қажетті көмекті көрсетті. Қазір оның өміріне де, денсаулығына да қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция департаменті мұндай оқиғалар қайғылы жағдайдың алдын алып, тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің, сақтық пен жанашырлықтың маңыздылығын көрсететінін атап өтті.

Айта кетейік, Астанада өзен бойынан жасөспірім қыздың денесі табылды. Полиция қылмыстық іс қозғады.