Талдықорғанда полиция қоғамдық көліктегі «қалта ұрыларымен» күресті жандандырды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері «Жас қыран» қоғамдық көмекшілерімен бірлесе отырып, жыл басынан бері қоғамдық көліктегі қалта ұрыларымен күресті дүркін-дүркін жандандырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, 2016 жылы тәртіп сақшылары қала көліктерінде жүріп, жолаушылардың қалтасына қол жүгірткен 43 ұрыны ұстаған. Ал биылғы жылдың қаңтар айында жедел шараларды белсендіру нәтижесінде осы санаттағы 18 қылмыстың 11 фактісі ізі суымай ашылды.

«Қалалық автопарктер басшыларына, жүргізушілерге, қоғамдық көліктің контролерларына автобус салонында бақылау камераларын орнату қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Жолаушыларға жеке мүліктерін сұғанақ қолдардан сақтау үшін сақ болу туралы хабарламалар жасалуы қажеттігіне назар аударылды", - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда полиция қызметкерлері қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, «ұрылар жиі жүретін» автобустар бағытында белсенді  жұмысқа кіріскен. Бұдан бұрын да осындай ұрлықтары үшін жауапқа тартылып, есепке алынған «ұрылардың» фотолары жедел топтарға таратылған болатын.

«Жекелеген көлік маршруттарында нысаналы түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қалта ұрлығымен бұған дейін де айналысып, көзге түскендер анықталды.  Олардың төртеуі қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, профилактикалық әңгімелер өткізілді», - делінген баспасөз баянында.