Жұмыстың қызу жүргізілгені соншалық әкімдіктегілер саудагерлердің сауда жасайтын орындарын түнгі уақытта арнайы көлікпен тазалап тастаған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің 1 млн теңге несием бар. 4 балам бар. Күйеуім туберкулез ауруына шалдыққан. Үкіметтен үй сұрап жатқан жоқпын. Ақша сұрап жатқан жоқпын. Неге қарапайым халықтың жағдайын ойламайды. Бізге әкімдіктің ұсынған жерлерінде сауда жүрмейді», - дейді саудагер Роза Ибраимова.
«Бір күнде 100-ге жуық адам далада қалдық. Осыншама адамға әкімдік жұмысты қайдан тауып бермек», - деді шарасыз қалған саудагер Жанна Белавина.
Қаңтардың қара суығында далада қалған саудагерлер Талдықорғандағы базарлар жекенің қолына өтіп кеткен деп наразы. Сәйкесінше мұнда жалға беру құны да аспандап тұрғанын айтады.
«Мен қолымнан келгенше халыққа көмектескенді жақсы көремін. Бірақ заң бар, талап бар. Жалпы сіздердің жағдайды облыс әкіміне жеткіземін, қаланың әкімі жұмысқа шықты. Қорытындысын айтамыз. Мүмкін, коммуналдық базардан, мүмкін орталықтан ба орын қарастырамыз», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнзоров.
Бірақ саудагерлер шенеуніктен оларға тек орталық базардан орын тауып беруін өтінді. Сөздерінше, сауда осы жерде ғана жақсы жүреді.
Сондай-ақ әкімнің орынбасары ел айтқан ешбір базардың иесі емес және бұл көшені тазартуды да ешкімге тапсырмаған. Бәрі заң талабы, қалалық әкімдіктің шешімі деп сөйлеген сөзін саудагерлер телефонға түсіріп алыпты.
«Мен базарға шұлық әкеп сатамын. Қазір қуып жіберді. Аш қалмау үшін біреудің ыдысын жуатын шығармын», деп саудагер Бақытгүл көзіне жас алды.
Жайма базарда шұлық сатып, қазір нәпақасынан айырылған аналардың тұрмыс жағдайлары нашар. Мәселен Бақытгүлдің үйінің есігінен тесігі көп. 11 айлық баласы бар жалғызбасты ана қуықтай бір бөлмелі үйді 30 мыңға жалдап тұрады екен. Шарасыз отырған екі баланың анасы Бағдат Мәнзоровтың көмектесетініне сеніп, басқа саудагерлер сияқты жүрегіне сәл де болса үміт оралып, қайтты.