Оның айтуынша, полиция баланы қаққан жүргізушіні әлі таппаған.
«Полиция әзірге ештеңе айтпады. Ешқандай дерек жоқ. Біз баламды лақтырып кеткен адамды табуын сұраймыз. Мұны жазасыз қалдыру мүмкін емес. Бұл хайуан емес, бала ғой. Хайуанды соғып кеткенде де адам оны жолдың шетіне апарып тастайды. Баланы олай қалдыруға болмайды...», - деді көлік қағып кеткен баланың анасы Әзиза Асқароғлы көзіне жас ала отырып.
Қазір анасы баласымен бірге ауруханада жатыр.
Науқас бала нейрохирургиялық палатаға ауыстырылды. Ал, дәрігерлер 3-6 айдан соң баланың басына тағы ота жасамақ.
Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға кеше Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жастағы баланы көлік қағып, қан жоса болған күйде көрпеге орап, талдың түбіне қалдырып кеткен. Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтан тауып алған.