Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты сот отырысы басталды

Фото: Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге байланысты сот отырысы басталды.

Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.

Төрағалық етуші судья Айнагүл Тұқыбаева сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына рұқсат берді. Алайда жәбірленушілер мен айыпталушыларды және басқа да сот процесіне қатысушыларды түсіруге тыйым салды.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында  қамауға алынды.

Фото: Kazinform

Бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін талғарлықтар оны «Хуторские» тобының басшысы болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кәсіпкер Хасан Қасымбаевқа қатысты түсінік берді.

Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.

Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы осы жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдаған. Ал облыс прокуратурасы 29 шілдеде іс бойынша құрылған айыптау актісін бекітіп, істі негізінен қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдады.