Талғардағы қанды оқиға: полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды

Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында Талғар ауданы полиция басқармасының бір қызметкерінің салғырттығына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаттары мәлімдеді.

2025 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының салғырттығына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Олар Қызылқайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кәмелетке толмаған қызды ұрлап кеткен күдіктіні ұстауға қатысты қажетті шараларды қолға алмаған.

– Алматы облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары алдын ала тергеу басқармасы қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғады, олардың біріне қатысты тергеу бүгін аяқталды. Бұл – «Е» есімді учаскелік полицей. Біз осы іс бойынша жәбірленушілердің мүддесін қорғап отырмыз. Әділ шешімге жетуге тырысамыз, - деді адвокат Асылбек Әбдірайымов.

Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабы (салғырттық) және 369-бабы (қызметтік жалғандық жасау) бойынша жүргізілді.

– Қазір жәбірленуші тарап қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Полицияның қалған қызметкерлеріне қатысты тергеу жалғасып жатыр, - деді адвокат Жандос Палманов.

Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді.

Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады.

Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды.

Бұл оқиға бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты іс қозғалды.

Кейінірек полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу әлі де жүріп жатқаны хабарланды.

Ал 2025 жылғы 13 қазанда кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.