Талғардағы сот: Хасан Қасымбаевпен бірге кімге айып тағылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысында айыпталушылар туралы мәлімет айтылды:
* Хасан Қасымбаев — 1984 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарқаралы ауылында туған. Қазақ. Үйленген, үш баласы бар (7, 10 және 13 жаста). Жоғары білімді. Бұған дейін сотталмаған. 2024 жылдың қарашасынан бері қамауда отыр.
* Руслан Алиев — 1999 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Рысқұлов ауылында туған. Қазақ. Орта білімді, жұмыссыз. Үйленген, 4 жастағы баласы бар. Бұрын сотталмаған. 2021 жылдың желтоқсан айынан бері қамауда отыр.
* Мадияр Қалимжанов — 1994 жылы Абай облысы Үржар ауданы Науалы ауылында туған. Үйленген, 3 жастағы баласы бар. 2021 жылы сәуірде Еңбекшіқазақ аудандық соты ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша шартты түрде 3 жылға бас бостандығын шектеген. 2021 жылдың шілдесінен бері қамауда отыр.
* Сайлау Ақжанов — 1994 жылы Абай облысы Үржар ауданы Науалы ауылында туған. Қазақ. Орта білімді, жұмыссыз. Үйленбеген. 2017 жылы ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша шартты түрде сотталған. 2021 жылдың қарашасынан бері қамауда отыр.
* Нұрмұхаммет Сұлтанбеков — 1990 жылы Алматы облысы Райымбек ауылында туған. Орта білімді, жұмыссыз. Үйленбеген, бұрын сотталмаған. 2023 жылдың қаңтарынан бері қамауда отыр.
* Данияр Асқаров — 1994 жылы Абай облысы Үржар ауданы Науалы ауылында туған. Қазақ. Үйленген, екі баласы бар (2 және 4 жаста) бар. Бұрын Арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет істеген. Бұрын сотталмаған. 2023 жылдың мамыр айынан бері қамауда отыр.
Еске салайық, сот басталғаннан кейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырып, мемлекеттік айыптаушы залдан шықты. Сот отырысы екінші прокурор — Ерлан Құланбаевтың қатысуымен жалғасып жатыр.
Хасан Қасымбаев былтыр қараша қамауға алынды.
Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.
Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.