Талғардағы стадионды сату немесе жекеменшікке беру қарастырылып жатқан жоқ – әкімдік
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғар қаласындағы «Жастар» стадионын қайта жаңғырту инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Алайда нысанды сату немесе жекеменшікке беру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінен мәлім етті.
– Стадионның қазіргі апатты жағдайын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар оны 39 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныс жасады. Бұл – сатып алу құқығынсыз уақытша шара және қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді. Мұндай шешім бюджетке түсетін жүктемені азайтып, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту үшін жеке инвестиция тартуға жол ашады, – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінен.
Әкімдіктен атап өткендей, стадион сатылады немесе жекеменшікке беріледі деген ақпарат – жалған. Бұл шындыққа сәйкес келмейді және ешқандай заңды негізі жоқ.
– Аталған мәселе бойынша 2025 жылғы 15 наурыз, 5 сәуір және 5 мамыр күндері Қарасай батыр көшесіндегі №6 орта мектепте қоғамдық тыңдаулар өтті. Оған қала тұрғындары, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен қоғам белсенділері қатысты. Мәселе әлі де талқыланып жатыр. Барлық ұсыныс-пікір ескерілетін болады. Қабылданатын шешімдер ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады, – деп түсіндірді әкімдіктен.
Осыған дейін Талғар тұрғындары қаладағы жалғыз қолжетімді «Жастар» стадионын жеке тұлғаларға беруге қарсы екендерін білдіріп бейнеүндеу жасаған еді.
Еске салайық, бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Алматы тумасы Михаил Шайдоров бірнеше сұхбатында еліміздің оңтүстік астанасында жарыстарға дайындық үшін тиісті жағдай жоқ екенін айтқан болатын.