Әулеттің негізін қалаған Қуат Қаражұманов — соғыс ардагері, елге оралған соң ширек ғасырға жуық ауылды басқарды, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Кейін үш ұлы да әке өнегесін жалғап, трактор-комбайнды тізгіндеді. Бүгінде сол еңбек дәстүрін немере-шөберелері жалғастырып келеді.
Бексейіт ауылында тұратын Мұрат Қаражұмановтың механизатор болып еңбек етіп жүргеніне 45 жыл болған. 30 жыл комбайнды жүргізсе, соңғы 15 жылдан бері К-700 тракторының тізгінінде.
Қысы-жазы тыным таппайтын Мұрат аға бүгін де күзгі қарбаластың бел ортасында жүр.
— Жаңбырлы күндері алқапқа егін орағына шыға алмаймыз. Мұндайда мал азығына қажет сүрлемді дайындаймыз. Жер кепкесін тракторыммен астық тасуға шығамын. Қыста да жұмыссыз отырмаймын. Қар басқан жолдарды ашу керек, көктемде жер жыртып, егін егеміз, — дейді механизатор.
Мұрат ағаның ұлы Мақсат та ата жолын таңдаған. Шаруашылықта 14 жылдан астам еңбек етсе, соның соңғы төрт жылында — мал азығын дайындау цехінде қондырғы операторы. Бала кезінен әкесінің қасында жүріп, техниканың тілін үйренген Мақсат бүгінде өз ісінің маманына айналған.
— Мен бұл жерде дәнді дақылдарды үгіп, жемді малға дайындап береміз. Біз дақылдың бірнеше түрін: күнбағыс, рапс, жүгері, бидай, тағы басқаларын өсіреміз. Соның бәрін араластырып, дәрумендер мен арнайы қоспаларды қосып, дайын өнім етіп малға береміз. Кішкентайымнан әкемнің қасында жүріп өстім. 15 жасымда алғаш рет МТЗ тракторын жүргіздім. Қазір арнайы техникалардың барлығын дерлік басқара аламын, — дейді Мақсат Қаражұманов.
Мұрат ағаның түзде алаңсыз еңбек етуінің бір сыры — шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасының ұйытқысына айналған жары Қымбаттың қолдауы. Ерлі-зайыпты екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардан тараған немере-жиеннің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.
— Ауылда тұрғасын мал ұстаймыз, жаз бойы сиыр сауып, май-қаймақ аламын, құрт қайнатып, айран ұйытамын. Үйге енді мен қараймын ғой бәрі жұмысқа кеткенде, жазда немерелерім келіп, көмектеседі. Тату-тәтті, берекелі отбасы болу үшін мынау ердің, мынау әйелдің жұмысы деп санаспау керек. Қайсымыздың қолымыз бос, істей саламыз. Балаларды да еңбекқор етіп тәрбиеледік, — дейді Қымбат Қаражұманова.
Қаражұмановтар шаңырағында ұлттық құндылықтарға деген құрмет те ерекше. Әулеттің үлкендері еңбегімен танылса, кейінгі буын өнерімен өрісін кеңейтіп келеді. Мұрат пен Қымбаттың екінші ұлы Қайыргелді өнер жолын таңдады. Қазір ол Мамлютка қаласындағы өнер мектебінде домбыра аспабынан дәріс береді. Немерелері Ернұр Мұрат Петропавлдағы Ермек Серкебаев атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбында білім алып жүр. Биыл 8-сыныпқа көшкен жас домбырашы талай додада топ жарды.
— Домбыраны алғаш рет 6 жыл бұрын қолға алған едім. Көптеген сайыстарға қатысып жүлделі орындар алдым. Биыл Домбыра күнінде облыс әкімі маған жаңа домбыраны тарту етті, — дейді Ернұр Мұрат.
Ерлі-зайыпты балаларына ақыл айтумен ғана шектелмей, өз өмірімен үлгі көрсетті. Еңбекке адалдықты, үлкенге құрметті, отбасыға деген жауапкершілікті олар балаларына күнделікті ісімен сіңірді.
— Біреудің ала жібін аттама, жұмысқа барсаң адал жұмыс істе деп айтып отырамыз. Бізге әкеміз де солай үйреткен. Қандай мамандық болса да, мамандықты сүйе білу керек. Сонда ғана жақсы жетістіктерге қол жеткізесің. 2000 жылы шаруашылықта бірінші орын алып, басшылық автокөлік мінгізді. 2017 жылы Еңбек даңқы орденімен марапатталдым. Еңбектің бағаланғаны ғой бұл, былтыр Еңбек Ері атағына ие болдым, — дейді Мұрат Қаражұманов.
Биыл Қаражұмановтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жетті.
Осыған дейін Мемлекет басшысы еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс екенін айтқан еді.