TANECO Кубогы: «Барыс» екінші кездесуде «Трактордан» жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордалық «Барыс» шайбалы хоккейден «TANECO Кубогы» турниріндегі алғашқы ойынын Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер алғашы кезеңді белсенді бастады. Нәтижесінде 12-минутта олардың қатарынан Виталий Кравцов есеп ашып кетті.

Екінші кезеңде қазақстандық Батырлан Мұратов 22-минутта таразы басын теңестірді.

Үшінші кезеңде қайтадан «Трактор» командасы алға шықты. Бұл жолы Максим Шабанов 47-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Айта кетсек, бұдан бұрын 12 тамызда «Барыс» ресейлік «Локомотив» командасына жол берсе, «Трактор» «Ак Барстан» 3:4 есебімен жеңілді.

Енді елордалық клуб 13 тамызда «Ак Барс» клубымен шеберлік байқасады.

Ал 14 тамызда 3-орын үшін сайыс және финал болады.

Турнирдің тарихы 2020 жылдан бастау алады. Биыл оған алғаш рет шетелдік команда ретінде «Барыс» қатысады.