TANECO Кубогы: «Барыс» алғашқы ойында ресейлік «Локомотивке» есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордалық «Барыс» шайбалы хоккейден «TANECO Кубогы» турниріндегі алғашқы ойынын Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

TANECO Кубогы: «Барыс» алғашқы ойында ресейлік «Локомотивке» есе жіберді

Ресейдің Қазан қаласында (Татарстан) өтіп жатқан турнирдің алғашқы кездесуінде қазақстандық команда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) клубымен кездесті.

Ойынның 5-минутында «Барыс» сапынан Райлл Барбер есеп ашып кетті. Бұл – командаға биыл қосылған АҚШ хоккейшісінің алғашқы голы.

Екінші кезеңде «Локомотив» ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде Ярослав Лихачёв 32-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Үшінші кезеңде ресейлік клубтан Алексей Кожевников 41-минутта өз командасын алға шығарды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Енді елордалық клуб 11 тамызда «Трактор» (Челябі), 13 тамызда «Ак Барс» (Қазан) клубымен шеберлік байқасады.

Ал 14 тамызда 3-орын үшін сайыс және финал болады.

Турнирдің тарихы 2020 жылдан бастау алады. Биыл оған алғаш рет шетелдік команда ретінде «Барыс» қатысады.