Танымал блогер Karrambaby Астанадағы Comic Con-нан алған әсерін жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Comic Con Astana 2026 фестиваліне келген Karrambaby лақап атымен танымал ресейлік блогер Карина Егамедиева Астана мен фестивальден алған әсерін бөлісті.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Карина Егамедиева Қазақстанда бұған дейін де болған. Ол Алматыға келгенімен, елордаға жолы алғаш рет түсіп отыр.

– Осыған дейін Қазақстанда болдым, бірақ Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Ұшақтан түскен сәттен-ақ Астана маған ерекше әсер қалдырды. Қаланың кеңдігі мен тазалығы бірден көзге түседі. Өте жарық әрі әдемі қала екен. Ауа райы да керемет. Жалпы, Астана маған қатты ұнады, – деді блогер.

Ол Қазақстандағы Comic Con-ға да алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін блогер Лос-Анджелестегі осындай фестивальде болған.

– Мұнда бәрі керемет. Косплейшілердің образдары ерекше, қызықты стендтер де өте көп. Маған әсіресе косплейшілерді тамашалаған ұнайды. Осыншама шығармашылық адамының бір жерге жиналғанын көрудің өзі мені шабыттандырды. Мұнда әркім өз идеясын, өнерін көрсетуге тырысқан. Жалпы, фестивальдің атмосферасы көңілімнен шықты, – деді ол.

Karrambaby Астана мен Лос-Анджелестегі Comic Con-ның атмосферасы бір-біріне ұқсамайтынын да айтып өтті. Оның сөзінше, Лос-Анджелесте мұндай ауқымды шаралар жиі өтетіндіктен, жергілікті жұрт оған үйреніп қалған. Ал Астанада фестивальге деген қызығушылық пен келушілердің ерекше ықыласы анық сезіледі.

– Меніңше, Лос-Анджелесте адамдардың мұндай шараларға әбден көзі тойған. Өйткені онда осындай фестивальдер өте көп өтеді. Тіпті танымал адамды кездестірудің өзі олар үшін қалыпты жағдайға айналған. Ал мұнда бәріміз ерекше әсер алып жүрміз. Мысалы, бүгін «Тақтар ойынының» жұлдызы Николай Костер-Вальдаумен суретке түскенде қолым дірілдеп кетті. Біз мұндай кездесулерге әлі үйренген жоқпыз, – деді блогер.

Осылайша, спкиер Астанадағы Comic Con-ның басты ерекшелігін фестивальге келген жұрттың қызығушылығы мен шынайы эмоциясынан байқағанын жеткізді.

Еске сала кетейік, Comic Con Astana 2026 фестивалі 6-9 тамыз аралығында өтіп жатыр. Биыл фестиваль бағдарламасына әлемге танымал актерлермен кездесулер, халықаралық косплей байқауы, авторлар алаңы, ойын аймақтары мен түрлі тақырыптық стендтер енген.