Tapsyru жүйесі мемлекеттік мүлік беруді цифрландырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік мүлікті бір мемлекеттік органнан екіншісіне беру үдерісі толық цифрландырылды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлім етті.

Фото: freepik

Оның айтуынша, бұған дейін бұл рәсім қағаз жүзінде жүргізілген.

Мемлекеттік мүлікті электронды форматта беруге арналған «Tapsyru» порталы іске қосылды. Қазір жүйеге 18,6 мың мемлекеттік ұйым қосылған. Порталда шамамен 22 млн нысан туралы мәлімет жинақталған.

Жобаны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптасты.

- Енді мемлекеттік органдар жаңа мүлік сатып алудың орнына қажетті активтерді басқа мемлекеттік органдардан жүйе арқылы электрондық түрде ала алады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және шығындарды қысқартуға ықпал етеді, – деді вице-министр.

Сондай-ақ жүйеге жасанды интеллект элементтері енгізілген. Олар мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін болжауға және шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, бір ғимаратта бірнеше мемлекеттік орган орналасса, жүйе коммуналдық және жалдау шығындарын біріктіріп, ортақ шарт жасасуды ұсына алады.

Вице-министрдің дерегінше, жоба іске қосылғалы бері 2 763 рәсім аясында 34 мыңнан астам нысан берілген. Олардың жалпы құны 232 млрд теңгеден асады.

Қаржы министрлігі бұл тетік мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін салық жүйесіндегі 14 ақпараттық платформа 5 негізгі жүйеге біріктірілгені жайлы хабарладық.