Таразда аударылған автобустың жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған - ІІД

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық ІІД Тараз қаласында аударылып қалған автобусқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, бүгін Тараздағы оқиғаның фотосуреттері әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Онда Төле би даңғылы мен Мечников көшесінің қиылысында, «Орталық мешіт» аялдамасының маңында аударылған автобустың жатқанын көруге болады. 

«29 мамырда 7.30-да Төле би көшесінде «Dong Feng» маркалы №46 қалалық маршруты аударылған еді. Автобус бүгін жолаушыларды тасымалдауға шықпаған. Сондықтан автобустың салонында 24 жастағы жүргізушіден басқа ешкім болмаған. Медициналық тексеру қорытындысын сәйкес, ол мас болмаған. Жол апатынан ешкім зардап шекпеген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Жамбыл облыстық ІІД-нің мәліметінше, оқиғаға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.