Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылында орналасқан блокпостта Гродеково ауылына бара жатқан 24 жасар жүргізуші төтенше жағдай режимін бұзған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жүргізуші блок-бекеттегі полиция қызметкерлеріне қажетті құжаттарды ұсынғанымен, міндетті санитарлық-алдын алу іс-шараларынан өту, яғни дене қызуын өлшеу талабын орындауға қарсылық танытқан. Полиция қызметкерлері оны өз бетімен блокпосттан өтуге әрекет жасаған кезінде ұстады. Анықталғандай, бұл бұзушылық жүргізушінің жауапсыз мінез-құлқымен байланысты орын алған», делінген ведомство хаттамасында.
Айта кетейік, төтенше жағдай режимін бұзған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.