Таразда бұзақылар бүлдірген ескерткіш қалпына келтіріліп, күзетке алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласында белгісіз адамдар бүлдірген кеңес жауынгерлеріне арналған мемориал толық қалпына келтіріліп, күзетке алынды. Ескерткіш аумағына бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр.

Фото: Тараз әкімдігі

Мемориал қаланың Қарасу шағын ауданындағы зират аумағында орналасқан.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, 18 қарашада белгісіз адамдар келтірген зақымдар толық жөнделіп, қалпына келтіру жұмыстары аяқталған.

Қазір мемориал аумағы күзетпен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта нысанның қауіпсіздігін сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылады.

– Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Ескерткішке келтірілген барлық зақым жойылды. Қазір мемориал аумағы күзетке алынды. Нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары ұйымдастырылып жатыр, – делінген әкімдік ақпаратында.

Айта кетейік, биыл Тараз қаласының әкімдігі Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесіп, аталған мемориалды абаттандыру және жаңарту жұмыстарын жүргізген болатын.

Алайда көп ұзамай белгісіз адамдар ескерткішті бүлдірген. Осыған байланысты қала билігі полицияға жүгінген.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Таразда биыл қайта жаңғыртылған кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды белгісіз адамдар бүлдіріп кеткенін хабарлаған едік. Аталған дерек бойынша ескерткішті қорлау фактісімен қылмыстық іс қозғалған.