Таразда әлдекімдер биыл жаңартылған кеңес жауынгерлерінің мемориалын бүлдіріп кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Тараздың Қарасу шағынауданындағы зират аумағында орналасқан мемориалға зақым келтірген адамдар іздестіріліп жатыр. Биыл қайта жаңғыртылған ескерткішті қайта қалпына келтіру қажет.

Таразда әлдекімдер биыл жаңартылған кеңес жауынгерлерінің мемориалын бүлдіріп кетті
Фото: Жамбыл облыстық полиция департаменті

Тараз әкімдігінің мәліметінше, бейтаныс адамдар кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды бүлдірген. Биыл қала әкімдігі мен Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығы бірлесіп, ескерткіш аумағын толық абаттандырып, қайта жаңғыртқан еді.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдарына арыз жолданды. Жамбыл облысының полиция департаменті осы дерек бойынша тергеу басталғанын растады.

— Аталған дерек бойынша ескерткішті қорлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта ескерткішті бүлдіргендердің ұсталғаны немесе күдіктілердің анықталғаны туралы ақпарат жоқ.

Қала әкімдігі ескерткіштің жақын арада толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді. 

Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері Жамбыл облысында 82 вандализм дерегінің жолы кесілгенін жазған едік.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне табиғи ескерткіштердің қорғалуын бақылауды күшейтуді тапсырғанын хабарлағанбыз.