Таразда мас күйінде BMW тізгіндеген жүргізуші полициямен жарыспақ болды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жол қозғалысына қауіп төндіретін BMW көлігі патрульдік полиция экипажының назарына іліккен. Заң талабына сай жол сақшылары көлікті тоқтатуға әрекеттенген, алайда тәртіпке бағынбаған жүргізуші бой тасалап, қашып кетуге тырысқан. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
— Құқық қорғау қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады. Тексеру барысында ер адамның алкоголь ішіп, масаң күйде болғаны анықталды. Оның әрекеті ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді, алайда полицейлердің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында тоқтау болды. Жүргізушіге көлікті мас күйде басқарғаны, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және қарсы бағытқа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді, — делінген хабарламада.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Еске сала кетейік, бүгін Ақтөбеде жолды кесіп өтпек болған студентті көлік қағып, көз жұмды.