Таразда полицейлер кейуана қатігездікпен өлтірілген қылмыстың ізін суытпай ашты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда полицейлер 80 жастағы кейуананы өлтіру дерегін жылдам ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, 26 тамыз күні 11:45-те Тараз қаласының Жедел басқарма орталығына Уездная көшесі, №2 үйдің алдындағы су арнасында әйел адамның денесі жатқаны туралы хабар келіп түсті. Жедел іздестіру шаралары кезінде ол Тараздың 80 жастағы тұрғынының мәйіті екендігі анықталды.

«Полицейлер қылмысты жарты сағаттың ішінде ашты. Анықталуынша, бірнеше жыл бұрын кемпірдің ұлы қайтыс болып, оны жерлеуге келген досы артынша кемпірдің үйінде қалады. Ұзақ уақыт бірге тұрады. Бір күні екеуі сөзге келіп қалады. 57 жастағы ер адам араққа тойып алып, кемпірді өлгенше сабаған. Қылмысын жасыру үшін кемпірдің денесін қапқа салып, арнадағы суға батырып жіберген», - деп мәлімдеді, полиция департаменті.

Күдікті қылмысын мойындаған, ол қазір Тараздағы тергеу изоляторында отыр. Тиісті сараптамалар белгіленді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру»), 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Автор: Галина Скрипник