Таразда жоғалған колледж студентін полиция Алматыдан тапты

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - Жамбыл облыстық ІІД-нің криминалдық полиция қызметкерлері 2 наурызда колледжге кетіп, үйіне оралмаған 1997 жылғы Тараз политехникалық колледжінің студенті Виктор Прокопенконы тауып, ата-анасына қайтарды.

Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласына кеткен студентті іздеу үшін сонда Жамбыл облысының полиция қызметкерлері жіберілген. Олар жоғалған жігітті Алматы көшелерінің бірінен тапты.

Виктор болса өзін ата-анасы іздеп жүргенін білмеген. Ол базарда жүк тасушы болып жұмыс істеген. Болған іске өкінген ол өзінің әрекетінің қате болғанын мойындады.

19 жастағы жігіт әкесімен келіспей қалып, өз бетінше күн көру үшін үйінен кетіп қалған.

Қазір Виктор Прокопенко өз үйіне оралды.