Тарихи кадрлар: 70 жыл бұрын елдің солтүстігіндегі қазақ ауылдары қандай болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан. Уақыт жылжып, заман өзгеріп жатыр. Тек ескі фотосуреттерден өткен дәуірдің тынысын сезінуге болады.

Фото: Ресей этнографиялық музейі

1957 жыл. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны жүріп жатыр. Ауылдардың өмірі өзгеріп, тұрмысқа жаңа бұйымдар ене бастаған кезең. Дәл осы уақытта Орталық Азия елдері халықтарының мәдениетін зерттеп жүрген маман, этнограф Анна Морозова қазақ халқының материалдық мәдениетін танып білу үшін Қазақстанға экспедициямен келеді.

Фото: Ресей этнографиялық музейі

Әуелі Алматыны аралап, кейін 1 800 шақырымды сегіз күн бойы жүріп өтіп, сол кездегі Көкшетау облысының Қызылту ауданы, яғни қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына келеді.

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

 Кейін ол өзінің экспедициялық есебінде жолда біршама қиындық көргенін, бірақ оған еш өкінбегенін жазады.

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

— Бұйымдарды сатып алу қиынға соқты, өйткені халық олардан айырылғысы келмеді немесе тым жоғары баға сұрады. Дегенмен монеталармен және жапсырмалармен безендірілген ерекше құнды қыз баланың екі камзолын, қыздың бас киімін және екі текеметті сатып алдым, — дейді есебінде. 

Сондай-ақ, экспедиция кезінде этнограф ауылдарды аралап, жергілікті халықтың киім кию мәдениетін, тұрмысын фотоға түсіреді. Бүгінде бұл құнды фотолар мен жәдігерлер Ресейдің этнографиялық музейінде сақтаулы. Музей қорында сақталып, өткен дәуірдің өзіндік шежіресіне айналған бұл сирек суреттер бізге не айтады?

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

Фотосуреттер бұрынғы «Озерный» совхозы Майлыағаш ауылында, «Херсонский» совхозында және осы совхозға қарайтын Құрмет (Кырмут) ауылдарында түсірілген. Мұнда тойға жиналған отбасы да, сәнденген бойжеткен де, тіпті, ауыл жиналысы мен көшелері де кадрге іліккен.

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінде осы дәуірге жататын фотосуреттер сақталмаса да, қорда сол кезеңге тиесілі қазақтың ұлттық киімдері бар. 

— Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны біздің тілімізге, ас мәзіріне, тұрғын үйлер мен мерекелер, әрине, киім үлгілеріне де әсер етті. Қазақ отбасы орыс немесе украин көршілерімен қатар өмір сүргенімен, әжесінен қалған кимешекті көзінің қарашығындай сақтап, той-томалақта ұлттық сән-салтанатымен киінуді жалғастырды. 1950–1960 жылдары қоғамдағы өзгерістер қарқынды жүрді. Колхоздар мен совхоздардың елді мекендеріне электр жарығы тартылып, радио тарала бастады. Дүкен сөрелерінде сәтен, мақпал тәрізді маталар мен жүннен тоқылған бұйымдар пайда болды, тігін машиналарымен үй жағдайында киім тігу үйреншікті іске айналды. Күртеше, қалпақтар, етік пен пима күнделікті киімге айналып, дәстүрлі ұлттық киімдер көбіне той-мерекелерде киілетін болды, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнография бөлімінің маманы Дильназ Хайрболды.

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

Музей қорында сақталған жәдігерлердің бірі — жағасы, жеңдері мен етегі кестеленген көйлек. Ұзын жеңді, ақ мақта-матадан тігілген бұл көйлектің қос қабатты кең етегі түрлі түсті жіппен кестеленген. Жоғарғы бүрмелі қабатына өсімдік тектес өрнек салынса, төменірек қошқармүйіз оюымен безендрілген.

Фото: Ресей этнографиялық музейі

— Бұл көйлек сол кезеңдегі қолөнер дәстүрлерінің сабақтасқанын көрсетеді. Бір киімнің бойынан түрлі мәдени ықпалдардың ізін көруге болады, — дейді музей қызметкері.

Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі
Фото: Ресей этнографиялық музейі

Музейде сақталған кимешек пен жаулық та өткен ғасырдың 50-жылдарына тиесілі.

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі
Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі
Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі
Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

— Кимешекті тұрмысқа шыққан әйелдер киген. Ол басты, иық пен кеудені жауып, бетті ашық қалдырған. Жас келіншектер көбіне кестеленген кимешек кисе, егде жастағы әйелдер осы музей жәдігеріндегідей қарапайым ақ кимешекті таңдаған. Оның сыртынан немесе онымен бірге ақ жаулық тартылған. Ауылдық жерлерде мұндай баскиімдер 1960–1970 жылдары да кездесетін. Алайда уақыт өте келе жас әйелдер күнделікті тұрмыста кимешектің орнына қарапайым орамал мен шағын үшкіл орамалдарды жиі таға бастады. Осылайша, кимешек біртіндеп күнделікті киімнен гөрі ұрпақ сабақтастығы мен дәстүрлі әйел болмысының белгісіне айналды, — дейді Дильназ Хайрболды.

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

Маманның айтуынша, 1950 жылдары жастар көбіне арзан маталардан тігілген қарапайым көйлектер мен костюмдер киді. Ірі қалаларда батыстық үлгіге еліктеген «сәнқойлар» ілуде бір кездесті. 

— Бұл кезеңде ұлттық киім күнделікті тұрмыстан гөрі тойларға ғана киілетін. Дегенмен, ұлттық киімнің күнделікті қолданыстан алыстауы оның мәні мен қадірі жойылды деген сөз емес. Керісінше, халықтың мәдени болмысын танытатын маңызды белгі ретінде сақталды, — дейді музей қызметкері Дильназ Хайрболды.

Бұған дейін Затаевичтің «1000 әніне» Ғани Мұратбаев есімі енгенін жазған едік.