Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы лицензиялау жүйесі жетілдірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды
Заңның мақсаты - тарихи-мәдени мұра объектілерін және білім беру-сауықтыру қызметтерін қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Сенатор Айгүл Қапбарова құжаттың негізгі ережелеріне тоқталды. Бұл ретте, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау жүйесін жетілдіру ескерілген. 5 жыл мерзімге лицензияның екі түрін беру көзделеді. Біріншісі – тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызмет, екіншісі – археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызмет.
Сонымен қатар, Ұлттық археологиялық қызметті құру және оның жұмысын регламенттеу қарастырылған. Археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы мәліметтерді жинақтау үшін археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру ескерілген.
Атап айтқанда, заңда мынадай жаңашылдықтарды енгізу көзделген:
– тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мақсатында жер учаскелерін беру және жерді пайдалану тәртібін жетілдіру;
– археологиялық олжалар мен археологиялық материалдарды беру, сақтау және пайдалану тәртібін реттеу;
- жалпы археологиялық олжалар мен археологиялық материалдарды орталықтандырып жинау, шоғырландыру және сақтау үшін Жалпы археологиялық олжалар мен археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры мен ұлттық депозитарийін құру;
– археологиялық жұмыстарды олардың ерекшелігі мен қаржыландыру тетігін ескере отырып, жоспардан тыс және жоспарлы археологиялық жұмыстарға бөлу;
– тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жұмыс істеп тұрған ұйымдар қызметінің бірыңғай тәртібін айқындау;
– археологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде техникалық құралдарды пайдалану тәртібін реттеу;
– археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері үшін қорғау аймақтарын белгілеу.
Бұдан басқа, заңда кәмелетке толмағандарға білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін қосымша білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі нормалар қамтылған.
Биыл қазан айында Парламент Мәжілісі тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды көздейтін заңды талқылағанын жазған едік.