Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қаңтарға қараған түні республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда автокөліктің барлық түр үшін қозғалыс шектелді. Жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, патрульдік полицияның қосымша экипаждары енгізілді.
Бүгін таңғы сағат 11:00-де жолда қалған автокөліктердің саны артуына байланысты «Бақай-8П2» патрульдік полиция ротасының экипажы автоколонналардың қозғалысын қамтамасыз етті.
«Полицейлердің басты міндеті төтенше жағдайларда жол жүру барысында барлық автокөліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Мәселен, Ақмола облысының аумағында Дамса кентінен Нұр-Сұлтан қаласы бағытында 74 автокөлік, оның ішінде 6-уы ауыр жүк көлігі. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласынан Қарағанды қаласына дейін патрульдік полиция ротасының экипаждары 42 көлік құралын, оның ішінде 4-і ауыр жүк көліктерін алып жүрді. Барлық қабылданған шаралар жол-көлік оқиғалары мен авариялық жағдайларды болдырмауға мүмкіндік берді», - деді ведомстводан.
Айта кетейік, Ақмола облысында боранның салдарынан жол апаты орын алып, жеңіл көлік өртенген болатын.