Тәртіп сақшылары гидроцикл иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Алакөл ауданының тәртіп сақшылары көл жағасында қызмет көрсететін гидроцикл иелерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жаңалықтардан қайғылы оқиғаның орын алғаны бәрімізге мәлім. Аталған келеңсіз жайттың қайталанбауы және оның алдын алу мақсатында біз көл жағасында қызмет көрсететін гидроцикл иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Су көлігін жүргізу кезінде қолданылатын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша нұсқау бердік. Мұндай көлікті басқаруда кейбір абсолютті ережелер бар, оларды сақтау азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады», – деді Алакөл АПБ бастығы Қуат Оспанов. Бұған тәртіп сақшыларымен қатар төтенше жағдай қызметі де тартылды. Іс-шара барысында көл жағасында қызмет көрсететін барлық гидроцикл иелері қамтылды. «Суға шомылу маусымында барлық азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Біз сақтық шараларын сақтасақ қана қайғылы оқиғалардың алдын ала аламыз», – деп толықтырды Қ. Оспанов.

Естеріңізге сала кетейік , Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөлде ер адамды гидроцикл қағып, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.