Tartyl Fest: Ақтөбелік спортшы финалда жеңіске жетсе, анасына көлік сыйламақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Tartyl Fest фестивалінің республикалық кезеңіне Ақтөбеден алты спортшы қатысады. Оның бірі - Қанат Бекбауов. Мұғалжар ауданы Ембі қаласында тұратын спортшы қазір дайындықты күшейткен. Жеңіске жетсе, анасына көлік сыйламақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Бекбауов қазір жас спортшылардың жаттықтырушысы. Мектептен шыға сала спорт кешеніне асығатын оқушыларды үлкен өмірге бейімдеп жүрген бапкер кеше ғана облыстық жарысқа барып, өзі жаттықтырып жүрген балаларды шыңдай түсті.

Үйіне оралған бойда алдағы жоспарымен, мақсатымен бөлісті. Кішкентайынан спортқа біртабан жақын болған кейіпкеріміздің негізгі мамандығы - тарихшы.

Тіпті бірнеше жыл мектепте тарих пәнінен сабақ та берді.

«Мұғалжар ауданында өмірге келдім. №7 Ембі қалалық орта мектебінде оқыдым. Орта мектепті тәмамдаған соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Қолыма диплом алған соң Ембідегі №1 мектепте тарих пәнінен сабақ бердім. Кейін Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтар музейінде еңбек еттім. Қайта оқуды жөн көріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт факультетіне түстім. Екі жылда диплом алып, жұмысымды ауыстырдым. Қазір спорт мектебінде гір көтеруден сабақ беремін. Мамандық ауыстырудың өз себебі бар. Мектепте ер адамдар аз, қағазбастылық көп. Бірақ бала күндердегі арманым басым болған секілді. Қайта айналып, өзім қалаған, армандаған саламды таптым», - деді Қанат Бекбауов.