Осыған дейін Қазақстанның 18 қаласында өткен Tartyl Fest республикалық турникке тартылу фестивалі Семейге жетті.
Шараны ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырып отыр.
3 қыркүйек күні қаланың «Арена» мәдение спорт кешенінде өтетін фестивальге қатысуға ниет танытқандарды тіркеу сағат 9.00-де басталып, 11.00-ге дейін жалғасады.
Ал ашылу салтанаты – сағат 14.00-де. Әзірге ел бойынша рекордты Қарағанды қаласында 50 мәрте тартылған Евгений Нам орнатқан.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3-ке бөлінеді. Атап айтқанда, 18 жасқа дейін (жасөспірімдер), 18-ден 30 жасқа дейін (жастар) және 30 жас пен одан үлкендер (ересектер).
Жүлде қоры: 1 орын – 200 мың теңге, 2 орын – 100 мың теңге, 3 орын – 50 мың теңге. Гранд финалдың жүлде қоры: 1 орын – 3 млн теңге, 2 орын – 2 млн теңге, 3 орын – 1 млн теңге.
Гранд финал 6 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде турникке тартылу фестивалінде кімдердің жеңімпаз атанғанын хабарлаған едік.