Оқиға туралы ата-аналар әлеуметтік желілерде жаза бастады.
Жарысқа ұлымен бірге барған аналардың бірі алғашқы сырқаттану белгілері 30 қазандағы таңғы астан кейін байқалғанын айтады.
— 31 қазанға қараған түні балалардың жартысының дене қызуы көтеріліп, іші өтіп, құса бастады. Бір түнде 11 бала аяқ астынан ауырып қалды. Менің ұлым да сырқаттанды: дене қызуы көтеріліп, іші өтті. Кейін дәл осындай белгілер басқа командалардың балаларынан да байқалды, — деді Гүлнұр есімді ата-ана.
Оның айтуынша, 1 қарашада жас футболшы финалдық матчтарға қатысу үшін алаңға шыға алмаған. Ата-аналар балалардың жаппай сырқаттануына олар тұрған қонақүйдегі тамақ себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Қонақүйде таңғы ас швед үстелі жүйесімен ұсынылған. Мәзірде жұмыртқа мен шұжық та болған.
Бұл жағдайға қатысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
— ҚР СІМ Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысушылардың бірқатарының денсаулығы кенеттен нашарлаған оқиғадан хабардар. Медициналық көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтарының барлығы Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар зардап шеккендердің туыстарымен және медициналық мекемелермен тұрақты байланыста. Жағдай министрліктің бақылауында.
Футболшылардың бірінің анасының айтуынша, денсаулығы тұрақты қатысушыларды бұрын жоспарланғандай пойызбен емес, әуе рейстері арқылы Қазақстанға қайтару ұйымдастырылып жатыр. Ал кейбір отбасылар әзірге Ташкентте қалып отыр.
Бұған дейін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 50-ге жуық оқушысы уланып, ауруханаға түскені хабарланған болатын.