Тасқын су Атырау облысындағы Құлсары қаласына кіре бастады

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кіре бастады. 

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауылға тасқын судың кіру қаупі туындады.

«Жем өзенінің арнасынан асып тасыды. Осыған байланысты аудандық жедел штаб Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі», - деп хабарлады аудандық әкімдік. 

Тұрғындарды орналастыру үшін Құлсары қаласындағы бірнеше мектепте қабылдау пункті ашылды. Эвакуацияланған тұрғындар №1, 5, 6, 8, 9, 16 және 18-орта мектепке орналастырылады. 

«Қауіпсіз аймаққа көшіру жақын жол жиегінде қойылған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің автобустары арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардан өзімен бірге жеке құжатын, шағын төсек және басқа қажетті заттарын ала баруы сұралады», - деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.

Тасқын су Құлсары қаласындағы орталық стадион аумағына кірді. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды. Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты. 

Су тасқынынан Жылыой ауданында 5 кәсіпкерлік нысан, 1 шақырым жол бүлінді. 

Бүгін 5 вагонды пойыз Құлсарыдан Атырауға жолаушыларды тегін тасымалдайды. Сондай-ақ Атырау облысының Жылыой ауданында мектептердегі сабақ онлайн форматта өтетінін хабарлаған едік.