Тасқын судан зардап шеккен Атбасар ауданы мен Көкшетау тұрғындары баспаналы болды

Фото: Фото: Ақмола облысының әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Атбасар ауданында 27 отбасы және Көкшетау қаласында 13 отбасы баспаналы болды.

Пәтер кілтін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов салтанатты түрде табыс етті.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға қамқорлық жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Ақмола облысында осы тапсырманы орындау аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Соның ең бастысы тасқын судан үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, материалдық залал келген адамдарға біржолғы көмек көрсету дер едім. Бүгінгі пәтер кілтін тапсырып отырғанымыз соның бір айғағы іспеттес. Сонымен бірге, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша да үлкен жұмыс күтіп тұр», - деп атап өтті М.Ахметжанов.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Баспаналы болғандардың арасында Борисовка ауылының тұрғыны Наталья Заика бар. Көп балалы ана жаңа үйді су баспайтын аумақтан өзі таңдап отыр.

«Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндері біз барлық мемлекеттік органдардың көмегі мен қамқорлығын сезіндік. Президент Қасым - Жомарт Тоқаевқа зардап шеккендер бойынша жедел шешім қабылдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді тұрғын.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Сонымен бірге, осы күні Көкшетау қаласында тасқын судан зардап шеккен 13 отбасы пәтерлі болды.

Ал бұдан бұрын облыс орталығының 14 тұрғынына пәтер кілті берілген еді.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Күзге дейін бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, аймақта зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деп қорытындылады облыс әкімі.

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 1500-ден астам адам біржолғы төлем алды. Мүлікті бағалау жұмыстары аяқталып келеді.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Еске салайық, Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен 8 отбасы баспаналы болды.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі