Тасқынмен күресу тәсілін өзгерттік – Марат Ахметжанов

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының тұрғындары мен инфрақұрылымды су тасқынынан қорғауға бағытталған қандай жұмыс істеліп жатыр? Бұл сауалға өңір әкімі Марат Ахметжанов жауап берді. 

— Су тасқынына қарсы қауіпсіздік шаралары басым бағыт. Біздің өңірде 494 көл мен 111 өзен бар. Біз биыл тәсілді өзгерттік, яғни су тасқынымен күресуден олардың себептерін жоюға көштік. Биыл тұрғындар пен инфрақұрылымды қорғауға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Қалқұтан, Нұра, Шағалалы, Жабай өзендерін тазалау және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Облыста 44 шақырымды құрайтын өзендер тазартылды, сол сияқты 18 қауіпті, әрі маңызды гидротехникалық құрылыстар нығайтылып, қалпына келтірілді, — деді Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.

Әкімнің айтуынша, жоғарыда атқарылған іс көктемде 80 млн текше метр еріген қар мен тасыған өзен суын уақтылы меңгеруге мүмкіндік береді.

— Өңірде Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарында су басу қаупі бар аймақтардан 37 отбасы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Реновация бағдарламасы аясында Бұланды ауданында қауіп-қатер аймақтарында тұрған үйлерден (Макинск қаласы) қосымша 53 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, — деп толықтырды облыс әкімі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл 7 мыңнан астам ақмолалық тұрғын үй жағдайын жақсартты.

Биыл Ақмола облысының диқандары рекордтық көлемде астық жинады

Айта кетейік, Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды

Сондай-ақ 2026 жылы Қосшыда жаңа электр энергиясы станциясы салына бастайды