Тасқыннан зардап шеккен отбасылар жылан жылын жаңа үйде қарсы алады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қобда ауданында биыл 147 үй салынды. Оның 130-ы аудан орталығында бой көтерді. Kazinform тілшісі көктем мен жазда әр жерді паналап, күзде жаңа үйге қоныстанған, қиындыққа мойымаған тұрғындармен кездесіп, Жаңа жыл қарсаңындағы көңіл-күйін біліп қайтты.
Қобдада үй салынып, бөгеттер бекіді
Көктемгі тасқын кезінде Қобда ауданында 288 үй суға кетіп, оның 155-і жарамсыз деп танылды. Сол 155 үй иесінің 8-і баспананы сатып алса, өзгесіне салынды.
Құрылыс жұмыстарына қайырымдылық қорынан қаржы бөлінді. Ал құрылысты 15 мердігер жүргізді. Қалған үй иелері жөндеу жұмыстарын жүргізіп алды.
Қобда ауданының тұрғындары жаңа шағынауданды «Сити» деп атап кеткен. Мұнда былтыр 24 үй, биыл 130 үй салынды. Үйлердің ауданы — 80-100 шаршы метр.
Көшеге асфальт төселді, жарықтандырылды. Үйлердің суы, жарығы, газы бар. Тұрғындар қажетінші ауласына гараж, қора салып, мал ұстай алады.
Бұл ауданда ұзындығы 1,7 шақырымдық «Батыс» бөгеті, 4,9 шақырымдық «Орал-Ойыл» бөгеті, 2,7 шақырымдық «Суқайың» бөгетінің құрылысы жүрді. Қызылжар, Қанай, Жарық ауылдары маңындағы бөгеттер жөнделді.
Ешнәрсе кедергі болып, тоқтап қалған жоқ — Эльмира Бекжанова
Қобда ауданында жаңа үйге көшкендердің бірі — Нұрбол Мадетхан мен Эльмира Бекжанованың отбасы. Көпбалалы отбасының үлкені 14 жаста болса, кішкентайы 11 айлық.
Бүгінде балалардың өз бөлмесі бар, отбасының қонақ күтетін кең залы бөлек жабдықталған. Мұнда өткенді анда-санда еске алғанымен, бүгініне шүкір етеді.
— Біз бұған дейін Алматының Үшарал қаласында тұрдық. Ол кезде жолдасым әскери қызметші болды. 2013 жылдың қараша айында Қобда ауданына көшіп келдік. Себебі жолдасым осы ауданының тумасы. Өзім биология пәні мұғалімімін. Жолдасым әскери қызметте болғанымен қазір алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс береді. Ол И.Тайманов атындағы мектеп-гимназияға, өзім Қобда көпсалалы колледжіне орналастым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында төмен пайызбен несие беріп, үй алдық. Үйіміз Білтабанов көшесінде орналасқан. Бұл үйде біз 10 жыл тұрдық. 2014 жылы алып, сол жерде 4 баламыз дүниеге келді. Ал үлкен қызымыз Алматы облысы Үшарал қаласында дүние есігін ашқан еді. Білтабанов көшесі өте жайлы болды. Сол жерлерде үлкендеріміз, ата-әжелеріміз қолдау көрсетті. Өте ыстық. Апат айтып келмейді. 2023 жылы су аулаға келгенімен, үйімізге кірмеді. 2024 жылы наурыз айында су шайып өтті, — дейді Эльмира Бекжанова.
Көктемде күн күрт жылынып, өзен суы көтерілген кезде тұрғындарға алдын ала хабар берілді. Төтенше жағдайлар қызметі ескертіп, қауіпсіз жерге шығуды сұрады.
Бұл отбасы сол кезде құжаттарын алып, керек-жарағын жинады, су тимейтін жерге көтерді. Алайда бәрін бірдей сақтап қалу мүмкін болмады. Жиһаздары бүгінді, мүлкі қирады.
— Жолдасым салған қора бірінші құлады. Содан кейін жазғы сарай, гараж құлай бастады. Су үйге де кірді. Өте қиын жағдай. Ертеңіне үйдің жағдайы қалай екенін көруге бардық… Қиын… Бірақ шүкір, шүкіршілік айтамын. Далада қалмадық, Үкімет тарапынан да, әкімдік те келіп, жағдайымызды сұрады. Халықтан көмек көп болды. Кезекте тұрған кезде де көпбалалы деп кейде алға жіберді. Ол кезде кішкентай балам 3 айлық болды. Қазір баспаналы болдық. Іші жылы, кең. Неше жыл жинасақ та мұндай үлкен үй салып ала алмас едік. Рахмет айтамын, — деді Эльмира Бекжанова.
Зейнеткер Мадина Пралина кішкентайынан бауырына басқан немересінен бір елі қалмай, Ақтөбе қаласына ере келді. Студенттің бар жағдайын жасап, ас-суын әзірлеп отырады.
Ал демалыс күндері Қобдадағы үйіне оралады.
— Үйіміз су жағасында орналасқан соң жағдайды көзбен көріп тұрдық. Сол кезде «дайындалып отырыңдар» деп ескертті. Дайындық жүргіздік. Дегенмен су біз ойлағаннан бұрын келіп қалды. Эвакуация жұмыстары жүріп, біз көштік. Ал ер адамдар үйге қонды. Малды қауіпсіз жерге айдап, үйдегі заттарды көтеріп шаршаған соң түнде ұйықтап кеткен. Бір кезде жолдасым Самат судың сылдырын естиді. Тұрған сәтте аяғын суда тұр. Содан маған хабар беріп, мен төтенше жағдайлар қызметіне айттым. Олар терезе арқылы қайықпен шықты, — деді Насима Жақсылықова.
Бұл отбасына № 752 үй берілді. Жеребе арқылы таңдау түскенде үйдің шатыры енді жабыла бастаған. Құрылысшылармен екі арада келісім жүріп, үй иесі ішкі әрлеу жұмыстарына өзі кірісті.
— Күйеуім — құрылысшы. Сондықтан екі жұмыс болмасын деп әрлеуді өз міндетіне алды. Ақысын алып, қажетті құрылыс материалдарына жұмсады. Жаңа үйдің аты — жаңа үй. Қазір бала-шағамыз да, өзіміз де ризамыз, — деді Насима Жақсылықова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны кезінде 4 мыңға жуық үй зардап шекті. Оның 1 мыңнан астамы апатты деп танылды.
Жеке компаниялар есебінен 25 млрд теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды.
Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 млрд теңге бөлінді.
Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында 15 бөгет бұзылды. Қазір оның 9-ында жөндеу жұмысы аяқталды.
Ақтөбе облысында кәсіпкерлермен бірге шаруалар шығыны есептелді. Кәсіпкерлер шығыны өтелсе, шаруалар өтемақыны келер жылы алады.