Тасымалдауға рұқсат берілмейтін қарудың 16 түрі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келісімге Ереван қаласында 2016 жылғы 20 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қол қойды. Құжат заңды және жеке тұлғалардың қызметтік немесе азаматтық қаруды әкетуге немесе әкелуге, транзиттеуге, аң аулауға, спорттық шараларға, жөндеу мен бөлшектерді ауыстыруға рұқсат беруді көздейді. Еуразиялық экономикалық комиссиясы бекіткен жоспар бойынша Ішкі істер министрлігі заңды тұлғаларға қаруды сату үшін әкелеуге немесе әкетуге, транзиттеуге, қаруды зерттеу мақсатында уақытша алып кетуге рұқсат береді. Ал ішкі істер департаменттері жеке тұлғаларға қарудың бір ғана данасын беруді, оны жөндеу үшін уақытша алып кетуге рұқсат етеді.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекеттерге тыйым салынған және сатуға шектеу қойылған азаматтық, қызметтік қарулар бар», - деді Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.

Осы ретте тасымалдауға тыйым салынған 16 және рұқсат берілген 34 қарудың атауы бар.

«Тыйым салынғандар арасында қарумен қатар, оқ-дәрілер қамтылған. Осы орайда оқ-дәрілердің ішінде құрыш бұзар және жарқырағыш оқтарға шектеу ескерілген. Ал қару бойынша мылтық ұңғысының ұзындығы мен автоматты қару-жараққа шектеу бар», - деді министрдің орынбасары.

Келісім қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілетті органдары арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттеуге бағытталған. Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін нысан бойынша бірыңғай құжат негізінде міндетті рұқсат беру тәртібі белгіленген. Келісімді ратификациялау осы қару түрін ЕАЭО-ға қатысушы елдердің аумағында өткізуді оңайлатуға, нақты айтқанда қаруды әкелу және әкету үшін рұқсат беру құжаттарын беру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.