Тасымалдаушылардың әрекетінен тұрғындар зардап шекпеуі керек - Ақтөбе қаласының әкімі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков қоғамдық тасымалдау компанияларының басшыларын жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Олардың кесірі қарапайым тұрғындарға тимеуі керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі жұмыс тәртібін реттеп жатқандарыңа еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ, сіздердің әрекеттеріңізден қала тұрғындары зардап шекпеулері керек. Қаншама адам кеше автобус күтіп, қыстың ішінде аялдамаларда бала-шағасымен тоңып тұрды. Автобустардың бірінен соң бірі оларды көре тұра, тоқтамай өтіп бара жатқанына куә болдым. Бұл не деген бассыздық?! Үйіне, жұмысына асыққан қала халқының жазығы неде? Біз мәселені тез арада шешу үшін бір сағаттың көлемінде өзге 3 тасымалдаушы компанияның автобустарын бағыттауымызға тура келді. Әрине, олар көмекке келді, бірақ «Автопарктің» кесірінен өз бағыттарындағы жұмысты әлсіретіп алды. Бұлай жалғасуы мүмкін емес. Сондықтан, барлық бағытқа ертең автобустарыңыз шығатын болсын. Менің талабым – осы», - деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.

Ал, серіктестік директоры қала әкіміне барлық 11 бағыттың автобустары желіге қосылады деп уәде берді.

«14 ақпан күні түстен кейін 65 жүргізуші барлығы 11 бағыт бойынша жүретін автобусты тоқтатты. Олар №21, 26, 24, 22, 15, 16, 3 маршруттардың автобустары. Бәрі кестеге сәйкес жұмысқа шығады. Кейбір бағыттарда автобус саны толық болмай қалуы мүмкін. Себебі, біздің талабымызға көнбей, жұмысқа шығудан бас тартып отырған әлі 10-15 жүргізуші бар. Ал жалпы, барлық бағытқа автобустар қосылады. Біз наразылық туғызып, жұмысқа шықпай қалған жүргізушілердің әрқайсысымен жеке сөйлесіп, келісімге келіп отырмыз. Мәселені реттейміз, қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз», - деді «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында «Автопарк» ЖШС-нің жұмысшылары бір сәтте қызметін тоқтатып, тасымалдау жұмысына кедергі келтірді. Жүргізушілер сыйақыны түгел беруді, айыппұл салмай, жалақы көтеруді талап етті. Келіссөз екі күнге созылды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі