2025 жылдың 17 қазанында конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету үшін қала әкімдігі «Алматыбас жоспары» ҒЗИ» ЖШС-мен шарт жасады. Кейін жаңартылған құжат жобасы Мәжіліс депутаттарына таныстырылды. Ал 2025 жылдың 24-26 желтоқсан аралығында енгізілетін өзгерістерге байланысты қоғамдық талқылаулар өтті.
Үш айға жуық уақыт өткен соң, құжат айналысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қандай сатыға келгенін анықтап көрдік. Kazinform сауалына жауап берген «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты Бас жоспарға түзету Мемлекет басшысының 2025 жылдың 4 тамызындағы тапсырмасына сәйкес басталғанын атап өтті. Президент Алматыда табиғатты қорғау шараларын күшейтуді, қалалық ортаны теңгерімді дамытуды және тау бөктерлерін құрылыстан қорғауды тапсырған болатын.
— Алматы қаласының Бас жоспарын түзетудің негізгі міндеттері — табиғатты қорғау шараларын күшейту, экологияны жақсарту, сейсмикалық микроаймақтарға бөлуді ескере отырып, қалалық ортаны теңгерімді дамыту және тау бөктерлерін құрылыстан қорғау. Одан бөлек метрополитен желілері мен жеңіл рельсті көлік жолдарын өзгерту. Сондай-ақ Үкімет қаулысымен бекітілген Алатау қаласы бас жоспарының агломерациялық аймағына тигізетін әсерін нақтылау, — деп түсіндірді институт мамандары.
Бүгінге дейін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті деректерді жинау, негізгі схемаларды қоса алғанда Алматы қаласының бас жоспарын түзету жобасын әзірлеу, сондай-ақ мегаполтс аумағына цифрлық топографиялық жоспар жасау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар түзетілген қала құжатын әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерімен, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу жұмыстары аяқталған.
— Қазір Алматы қаласының топографиялық түсірілімін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркеу жұмыстары басталды. Кейін олар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан бөлек стратегиялық экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар қатар жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті «Алматы бас жоспары» ҒЗИ.
Биыл наурыз-сәуір айларында стратегиялық экологиялық бағалау бойынша қорытынды алу жоспарланған. Ол қанағаттанарлық деп танылғаннан кейін Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы құжат жобасын тағы да қоғамдық тыңдауларға шығарады.
Жалпы Алматы қаласының Бас жоспарындағы түзетулерді 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бекіту жоспарланып отыр.
Еске салайық, былтыр Бас жоспардағы өзгерістер бойынша Алматының жаңа метро желілерінің жобасы таныстырылды.