Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстың видеосымен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті әлеуметтік желіде бөлісті.
«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында инспекторлар рейд барысында сақалтайды кездестірді. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына 3-ші санат бойынша енгізілген. Бұл жыртқыш құстардың ең ірі түрлерінің бірі, салмағы 6 келіге дейін жетеді, ал қанаттарының құлашы 275 см», — деп хабарлады комитеттен.
Сақалтай — қозықұмай, көкжөре секілді күндізгі жыртқыш құстар отрядының қаршыға тұқымдасына жататын ірі құс. Ол Жетісу, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньда, Алтайда кездеседі. Теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктіктегі шың-құздарды мекендейді. Ұясын таудың жартасты-құзды жерлеріне салады.
Ақсу-Жабағылы және Алматы таулы қорықтарында 20 шақтысы қорғауға алынған.
Осыған дейін Шарын ұлттық парк инспекторлары «Түркістан сілеусінін» фотоға түсіріп алған еді.