Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Көлік полицейлеріне мемлекеттік наградалар берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» концерт залының үлкен залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді. Оған Көліктегі полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шараны ашқан Департамент бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев: « 16 желтоқсан – бұл баршамыз үшін ұлық мереке. Бүгінде еліміздің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі нығайту жолында қызмет ету - баршамыздың парызымыз», - дедi.

Бас көлік полицейі жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, отбастарына амандық және Отанымыздың гүлденуі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Салтанатты шара барысында Мемлекет Басшысының атынан бірқатар көлік полицейлеріне мемлекеттер наградалар табыс етілді.

Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен өз қызметтерін адал атқарғандары және тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге белсенді қосқан үлестері үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне-30 жыл» медальі 12 көлік полицейіне берілді. Олардың қатарында жедел уәкілдер, тергеушілер және анықтаушылар бар. Солардың бірі – Департаменттің Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Мейрам Махметов осы медельмен наградталды. Ол жедел қызметте жиырма бес жылдай қызмет атқарып, қоғамдық резонанс тудырған көптеген қылмыстардың бетін ашқан.

Сонымен қатар, ІIМ-інің және Көліктегі ПД бастығының бұйрықтарымен өз қызметтерін адал атқарғандары үшін 80-ге жуық қызметкерге төсбелгілер, грамоталар, алғыс хаттар берілді. Олардың ішінде Макинка станциясындағы темііржол вокзалы өртенген кезде басын қатерге тігіп, адамдарды тiлсiз жаудан құтқарған Қайырбек Тоқаев және Атырау қаласында суицид жасамақ болған азаматты өлімнен құтқарып қалған Бексұлтан Жұмадилов те бар. Іс-шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

Марапатталғандардың ішінде өз Отанына адал қызмет етуге дайын Тәуелсіздіктің төл құрдастары да болды.

Сондай-ақ өз қызметтік міндеттерін адал атқарған және қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлерге атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар мерзімінен бұрын берілді.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.