— Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде студенттік жатақханалар беру жөніндегі қолданыстағы процестерді цифрландырудың реинжинирингін жүргізіп жатыр. Жатақханаларды цифрландырудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу және оқу орындарын жатақханалар платформасына кезең-кезеңімен қосу туралы ҒЖБМ жұмысына тоқталсақ, 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды басқару процестерін цифрландыруға қойылатын бірыңғай архитектуралық, технологиялық, функционалдық, сондай-ақ өзге де талаптар қалыптастырылады. Бұл өз кезегінде барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (ЖЖОКБҰ) қолданылады, — деп аталып өткен Олжас Бектеновтің Құрылтай депутатының сауалына берген жауабында.
Оның сөзіне қарағанда, қазір бірқатар ЖЖОКБҰ жатақханадан орын бергенде және өзге де сервистерді (бөлмелерді таңдау, студенттерді есепке алу, шарттар жасасу және т. б.) ұсынғанда цифрлық шешімдерді пайдаланып отыр.
Атап айтқанда, 2026–2027 оқу жылының соңына дейін ЖЖОКБҰ деңгейінде жатақханаларды және барлық ішкі процесті цифрландыруды толық аяқтау жоспарланған. Ал 2027–2028 оқу жылынан бастап Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы базасында жатақханаларға бөлу әрі қоныстандыру бойынша деректерді есепке алуды және шоғырландыруды, сондай-ақ өтініштерді «электрондық үкімет» порталы арқылы орталықтандырылған түрде қабылдай отырып, кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспарланған.
— Бұл ретте инфрақұрылымды дамытуға және студенттік тұрғын үйге қажеттілікті мониторингтеуге байланысты іс-шараларды іске асыру кезінде жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселесі ескерілетін болады, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, кейінгі жеті жылда Қазақстанда 66 104 орынға арналған 267 студенттік жатақхана ашылды. Нәтижесінде студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы 82 мыңнан 5,2 мыңға дейін азайды.