Тайландтағы авиашоуда жойғыш ұшақ апатқа ұшырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық балалар күнін мерекелеу кезіндегі авиашоуда Тайланд әуе қарулы күштерінің JAS 39 Gripen жойғыш ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты.

Бұл туралы Bangkok Post хабарлайды.

Оқиға жергілікті уақытпен сағат 09:27-де Сонгкхла провинциясы, Хатъяй қаласында болған. Жойғыш ұшақ құлаған сәтте жарылып, толықтай жанып кеткен.

Ұшу-қону жолағын тазарту үшін жергілікті әуежай уақытша жабылды, барлық ұшақтар басқа әуе айлағына бағытталды, деп хабарлады жергілікті БАҚ.

Әуе қарулы күштерінің қолбасшылығы ТЖ тергеу үшін комиссия құрды. Таиландтың премьер-министрі Прают Чан-Оча қаза тапқан ұшқыштың отбасына көңіл айтты.