Тайтөбе ауылында сақтық шаралары барынша күшейтілді – ауыл әкімі
ТАЙТӨБЕ. KAZINFORM – Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылының іргесін су басып қалды. Нұра өзенінің арнасынан асқан су ауыл іргесінен жөңкіле ағып жатыр.
Алайда ауыл әкімі Парасат Досмағанбетов жергілікті тұрғындарға аса қауіп төніп тұрмағанын айтып берді.
«2020 жылы ауылымызды судан қорғау үшін 700 метр жерге бөгет тұрғызған едік. Ол жылдары дәл осындай мол су келмеген. Биыл міне, өздеріңіз көргендей, өте көп су келді. Қазір сол бөгетті биіктетіп, судың ауылға кіруіне қарсы үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қауіпсіздік шараларын барынша күшейтілген режимге көшірдік», - деді Досмағанбетов.
Сонымен қатар бүгін ауыл әкімі Тайтөбе ауылына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың да арнайы келгенін, Астана қаласы мен Қосшы қалалық әкімдіктері арнайы техникаларды көмекке жібергенін атап өтті.
«Бүгін Астана әкімдігі 37 камаз, 2 экскаватор, 7 жүк салатын техниканы көмекке жіберді. Сонымен қатар Қосшы қаласының әкімдігі де бар техникаларын аяп жатқан жоқ. Жалпы, 50-ге жуық техника ауылдың қауіпсіздігі үшін жұмыс істеп жатыр. Ауылдағы белсенді азаматтар да қолдарынан келген көмекті беріп жатыр. Олар техника жүргізушілеріне, ТЖД өкілдеріне, ерікті түрде бізге көмектесіп жатқан азматтарға үйінен шәй, ыстық тамақтарын әкеліп, тіпті, су жағасында аузы берік кісілерге ауызашар беріп жатқан тұрғындарымыз да жетерлік. Барлығы ауыл үшін қолдарынан келгенін істеп жатыр. Жергілікті полиция да қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда», - деді ауыл әкімі Парасат Мусабекұлы.
Сондай-ақ, ол дәл қазір ауылға аса қауіп төніп тұрмағанын, ауыл тұрғындарына үрейге бой алдырмауға, жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
«Кейбір кісілер әлеуметтік желіге жалған видеолар жариялап, жұртты үрейлендіруде. Бұл дұрыс емес. Шынайы ақпарат көздеріне сеніңіздер, үрейге бой алдырмаңыздар. Барлық сақтық шараларын күшейттік. Дәл қазір ауылға аса қатты қауіп төніп тұрған жоқ. Десе де бәріміз сақ болуымыз керек», - деді әкім.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Астана іргесіндегі үш елді мекенге Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын хабарлады.
Ақмола облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Бар күш Атбасар, Аршалы аудандары мен Қосшы қаласына және Тайтөбе ауылдарында жұмылдырылуда.